Қазақстан жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеуге қатысты өз ұстанымын Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында айтты.
Мемлекет басшысы жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісімге назар аударды.
— Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ еліміз осы мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына алатынын айтты.
Президент Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамасына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді сұрады.
Қазақстанның ортақ ұстанымы биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады.
Источник: Ақорда