Алматы онкология орталығында Қазақстанда алғаш рет асқазанның бір бөлігін үлкен хирургиялық тілік жасамай алып тастау бойынша роботтың көмегімен операция жасалды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Операцияны орталықтың хирургтар тобы роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып орындады. Операция барысында ICG-навигациясы қолданылды. Сондай-ақ онкологиялық қағидаттарға сәйкес өңірлік лимфа түйіндерін алып тастауды көздейтін D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.
«Роботтандырылған жүйе хирургқа жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көреміз, анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі қарап, қолжетімділігі қиын аймақтарда күрделі манипуляциялар жасай аламыз. Сонымен қатар жүйе хирург қолының табиғи микродірілін сүзгіден өткізеді», — деді Нурлан Балтаев.
Пациент үшін роботтандырылған технология үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы күрделі операция жасауға мүмкіндік береді. Бұл операцияның жарақаттылығын азайтып, пациенттің барынша жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды.
Асқазанға жасалған операция орталық мамандары орындаған 15-ші роботтандырылған операция болды. Бұған дейін мұндай операциялар тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің аурулары кезінде жүргізілген.
Орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады, оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады. Бірқатар жағдайда пациент операция жасалған күні-ақ орнынан тұрып, қозғала бастай алады.
Источник: Видеодан алынған кадр