Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды NaizaNews.kz «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агенттікке берген эксклюзивті жазбаша сұхбатында мәлімдеді. Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтып, ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге дайын.
Мемлекет басшысы екі елді ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақ халқы «Жолы бірдің — жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі мемлекеттің стратегиялық серіктестігі сауда, инвестиция, энергетика, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениет салаларын қамтитынын атап өтті. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі — көлік және логистика. Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын, жаңа теміржол желілерін, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды және шекаралық инфрақұрылымды дамытуда. Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік бағытына айналып келе жатқан Орта дәлізге ерекше мән беріліп отыр.
«Ортақ міндетіміз — осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударды. Қытай жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, робот техникасы, жаңа энергия көздері және жоғары технологиялық өндіріс салаларында жетекші орын алады. Қазақстан өз кезегінде жедел цифрлық трансформация бағытын ұстанып отыр.
Президент мемлекеттердің заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет екенін де атап өтті. Шілде айында Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаушы 29 мемлекеттің қатарына қосылды.
Екі елдің халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығы да жалғасып келеді. Қазақстан Қытаймен БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия — Қытай» форматы аясындағы өзара іс-қимылды жалғастырады. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет тоғысы жылы» да өткізіліп жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 962 мың қытайлық турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47% көп. Сонымен қатар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейіп келеді.
Источник: Ақорда