Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің 9-сынып оқушысы Әділбай Әлтаир Стокгольмде өткен Stockholm Junior Water Prize халықаралық байқауында Қазақстан атынан қатысты, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстанның Швециядағы Елшілігіне сілтеме жасап.
Оқушы «FloodSense» жобасын — Қазақстандағы су тасқыны қаупі бар елді мекендерге арналған қолжетімді көпсенсорлы ерте ескерту жүйесін ұсынды. Жоба қолжетімді датчиктер желісін, спутниктік деректерді, бұлтты технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын біріктіреді.
Жүйе нақты уақыт режимінде су деңгейі мен ауа райы жағдайларын бақылауға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және тұрғындарды су тасқыны қаупі туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Stockholm Junior Water Prize халықаралық жастар сыйлығын табыстау рәсімі 25 тамызда Стокгольмде Дүниежүзілік су апталығы аясында өтті. Іс-шара Швецияның Тақ мұрагері Виктория ханшайымының қамқорлығымен ұйымдастырылады. Рәсімге Қазақстанның Швециядағы Елшісі Олжас Сүлейменов те қатысты.
Stockholm Junior Water Prize байқауын Стокгольм халықаралық су институты (SIWI) Дүниежүзілік су апталығы аясында жыл сайын өткізеді. Оған әлемнің 40-тан астам елінен мектеп оқушылары мен студенттер қатысады.
Елшіліктің мәліметінше, қазақстандық оқушының халықаралық байқауға қатысуы Қазақстанның су саласындағы халықаралық күн тәртібімен де үндеседі. Соның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында мамандандырылған халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы бар. Бұл ұсыныс су ресурстарын жаһандық басқару жүйесін шоғырландыруға бағытталған.
Источник: Швеция Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі