Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқу жылында дарынды балаларды қолдауға бағытталған қосымша шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды NaizaNews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жаңа цифрлық дәуір жағдайында адами капитал ел дамуының маңызды факторларының біріне айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық оқушылар халықаралық интеллектуалдық олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
«Осы оқу жылында дарынды балаларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырдым. Ақшалай сыйақы енді олимпиададағы жетістік үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауындағы жеңіс үшін де төленеді», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев озық технологиялар мен жастардың зияткерлік әлеуетінің үйлесуі қазірдің өзінде елеулі экономикалық нәтиже беріп отырғанын айтты. Елде жаңа стартаптар құрылып, алғашқы «бірмүйізді» компаниялар пайда болды.
Мемлекет басшысының сөзінше, бұл тәжірибені кеңейту үшін білім беру негізгі орын алатын инновациялық экожүйе құру қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында саланы басқарудың платформалық моделіне көшу басталды.
Источник: Aqorda