«Евровидение» ән байқауының ұйымдастырушылары байқауды өткізетін елді таңдауға қатысты ережелерді жаңартты. Енді жеңімпаз ел қарулы қақтығыс жағдайында болса, келесі жылы байқауды өткізу құқығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды NaizaNews.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Шектеу күрделі геосаяси жағдай кезінде де қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, елдегі немесе оған жақын аймақтағы жағдай қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндірсе, байқауды өткізуге рұқсат берілмеуі мүмкін.
Қажет болған жағдайда Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) жеңімпаз елдегі қауіпсіздік жағдайына тәуелсіз бағалау жүргізе алады. Соның нәтижесі бойынша елдің байқауды қауіпсіз өткізе алатыны немесе алмайтыны анықталады. Егер оны өткізу мүмкін емес деп танылса, EBU басқа хабар таратушыны таңдайды.
Жаңа ережелер Венада өткен «Евровидение-2026» байқауынан және қатысушы телекомпаниялармен талқылаудан кейін бекітілді. BBC мәліметінше, бұл өзгерістер Израильдің байқауға қатысуына қатысты пікірталастармен де байланысты болуы мүмкін. Кейбір телекомпаниялар Израиль жеңіске жеткен жағдайда байқаудың Иерусалимде немесе Тель-Авивте өтуіне байланысты қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірген.
Дегенмен жаңа ереже тек Израильге қатысты емес. Ол қарулы қақтығыс жүріп жатқан немесе аймақтағы жағдай байқауды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік бермейтін кез келген жеңімпаз елге қолданылады.
Ұйымдастырушылар басқа да өзгерістер енгізді. Қатысушылардың ең төменгі жасы 16-дан 18 жасқа көтерілді. Сондай-ақ фонограмманы пайдалану талаптары нақтыланды. Алдын ала жазылған вокал сахнадағы орындаушының негізгі вокалдық партиясын шамадан тыс қолдамауы тиіс.
«Евровидение» директоры Мартин Гриннің айтуынша, өзгерістер ережелерді барынша түсінікті етуге, әртістерді қорғауға және байқауды қауіпсіз жағдайда өткізуге бағытталған.
Источник: magnific.com