Астанада жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Демонстрациялық ұшуды тік ұшып-қонатын EH216-S (eVTOL) сериялық электр әуе аппараты орындады. Сынақ «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында елордадағы арнайы рұқсат етілген аумақта өтті. Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл – Қазақстан тарихындағы жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы ұшуы.
Әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды құрайды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.
Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері еліміздің көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Министрлік мәліметінше, ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына және логистика саласында пайдалану көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерінің өндірісін кезең-кезеңімен жергіліктендіру жоспарланып отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильдігін дамытуға қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде. Елімізде eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың қызметі және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл жаңа технологияларды Қазақстанның көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі