Қарағанды қаласында болған өрт кезінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, аға лейтенант Асхат Маханбетжанов көршілерімен бірге бес баланы құтқарды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланына сілтеме жасап.
Оқиға шамамен сағат 11:30-да көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде болған. Өртті байқаған ұландық әскери қызметші үй тұрғындарымен бірге бірден көмекке ұмтылды.
Қалың түтінге қарамастан, олар жанып жатқан пәтерге кіріп, ішінде болған бес баланы қауіпсіз жерге алып шықты. Бірлескен әрі жедел әрекеттерінің арқасында балалар аман-есен құтқарылды.
Өрт сөндіру қызметі келгеннен кейін Асхат Маханбетжанов пен үй тұрғындары өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарына көмектесуді жалғастырды. Эвакуация аяқталған соң әскери қызметші балаларды ата-аналары келгенге дейін өз үйіне алып барып, қамқорлық жасады.
Дерек көзі: ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы