Қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанкуловна қызының күйеуі Әділет Зейнелдің жаңа некесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NaizaNews.kz.
Бұл тақырыптың талқылануына әлеуметтік желілерде тараған ұзату тойынан фото және видео себеп болды. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, салтанат Тараздағы банкет залдарының бірінде өткен. Әділет Зейнел Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін сегіз айдан соң үйленгені айтылып жатыр.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің парақшасында Салима Ешанкуловнаның видеоүндеуі жарияланды. Онда марқұмның анасы ұзату тойынан кейін отбасына көп сұрақ түсе бастағанын айтты.
Салима Ешанкуловнаның сөзінше, тойдың алдында Ұлдананың отбасына ешкім келмеген. Ол Әділет Зейнел де, оның ата-анасы да, үлкен туыстары да марқұмның жақындарына жолықпағанын мәлімдеді.
Ұлдананың анасы қызының қазасына қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын да еске салды. Оның айтуынша, Әділет Зейнел іс бойынша жәбірленуші деп танылған, алайда отбасы бұл мәртебені қайта қарауды талап етпек.
Салима Ешанкуловна бөлек Ұлдана қайтыс болғаннан кейін зейнетақы жинақтары, төлемдер мен көліктің қалай бөлінгенін айтты. Оның сөзінше, Ұлдананың 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы қаражаты заң бойынша жұбайына берілген. Ал көлік, анасының айтуынша, ата-анасына өтуі керек болған.
Алайда Салима Ешанкуловнаның сөзінше, көлік 2025 жылғы 18 қарашадан 2026 жылғы 22 шілдеге дейін Әділет Зейнелде болған және тек кейін Ұлдананың ата-анасының атына қайта рәсімделген.
Threads желісінде Әділет Зейнелдің жаңа некесі үшінші неке болуы мүмкін екені де таралып жатыр. Сондай-ақ оның жаңа жұбайы Ұлдана Мырзуанның жақын құрбысы болғаны туралы ақпарат айтылуда. Бұдан бөлек, қолданушылар оның медицина саласына қатысы болуы мүмкін екенін жазып жатыр. Бұл мәліметтерге қазірге дейін ресми растау жоқ, сондықтан олар әлеуметтік желі қолданушыларының жарияланымдары деңгейінде қалып отыр.
Еске салайық, 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада қызметтік міндетін орындау кезінде ауыр жарақат алды. Ол Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің қаптамасы құлаған жерге барған. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте оның үстіне кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған.
Ұлдана он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатты. 2025 жылғы 18 қарашада ол қайтыс болды.
Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды. Фельдшердің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Дерек көзі: Ұлдана Мырзуан. Фото: instagram.com/rustemova_aliya