Вьетнам Социалистік Республикасынан Қазақстанға мемлекеттік сатып алу кезінде 2,5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті жеткізілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМКҚ-дағы мемлекеттік сатып алуға қатысты. 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті орталық директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б., сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС-нің басшысы Шинтемирова А.А.-мен бірге бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған.
Тергеу мәліметінше, жабдықтардың құны үш есеге дейін негізсіз көтерілген және жалған коммерциялық ұсыныстар пайдаланылған.
Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2025 жылғы наурызда ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланып, сот санкциясымен оған қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Биылғы жылдың басында ол Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті Қазақстанға жеткізілді.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Источник: Magnific.com