29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары 2026» турнирін қабылдайды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Турнир дәстүрлі спорт пен киберспортты фиджитал-форматта біріктіреді. 12 күн бойы 50-ден астам елден келген 800-ден аса қатысушы сегіз дисциплина бойынша 4,75 млн АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қоры үшін бақ сынайды.
Қазақстан атынан өз алаңында өтетін турнирге ұлттық іріктеуден өткен 11 команда қатысады. Олар Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu және басқа да әлемдік мықты клубтармен кездеседі.
Battle Royale (PUBG: BATTLEGROUNDS) дисциплинасында ел намысын DIGA Esports қорғайды. Бұл — Қазақстандағы PUBG бойынша жетекші ұйымдардың бірі. Команда PUBG EMEA Masters және PUBG EMEA Championship Qualifiers сияқты ірі еуропалық турнирлерге, сондай-ақ халықаралық еуропалық лигаларға тұрақты қатысып келеді.
Phygital Shooter (CS2) бойынша Қазақстанды NOVAQ және Team KZ командалары таныстырады. NOVAQ командасының негізін Counter-Strike әлемінің танымал ойыншысы, Major турнирінің екі дүркін жеңімпазы Даурен «AdreN» Кыстаубаев қалаған. Құрамда ірі халықаралық турнирлерде тәжірибе жинаған Михаил «Dosia» Столяров, Рустем «mou» Телепов және Санжар «neaLaN» Исхаков өнер көрсетеді. Team KZ кәсіби сахнада өздерін таныта бастаған жас қазақстандық ойыншыларды біріктіреді.
MOBA PC (Dota 2) дисциплинасында ел атынан Rune Eaters командасы сынға түседі. Оның құрамында The International, Riyadh Masters турнирлеріне қатысқан, сондай-ақ Na’Vi, Team Spirit, PSG.Quest және басқа да танымал ұйымдар сапында өнер көрсеткен ойыншылар бар. Бұл құрам қазақстандық командалар арасындағы ең бәсекеге қабілетті ұжымдардың бірі саналады.
MOBA Mobile (MLBB) бойынша Қазақстанды тағы да Rune Eaters таныстырады. Команда IESF, Қазақстан Республикасы Кубогы және Alaman League сияқты халықаралық және ұлттық турнирлердің жеңімпазы атанған.
Phygital Basketball дисциплинасында екі қазақстандық команда өнер көрсетеді — PBC Astana және GTB KZ. PBC Astana еліміздегі ең титулды баскетбол клубы әрі «Болашақ ойындары 2025» турнирінің қола жүлдегері. GTB KZ құрамына қазақстандық баскетбол мен 3х3 форматындағы тәжірибелі ойыншылар біріктірілген.
Phygital Football бойынша Қазақстанды ACF x Allur және UEL Team командалары таныстырады. Екі ұжым да ұлттық іріктеуден сәтті өтіп, өз алаңында өтетін турнирге қатысу құқығына ие болды. Олар әлемнің ең мықты фиджитал-клубтарымен күш сынасады.
Phygital Fighting дисциплинасында ел намысын Future Nomads қорғайды. Команда құрамында ММА-дан әлем және Азия чемпиондары, Қазақстан чемпиондары және кәсіби промоушендердің қазіргі көшбасшылары бар.
Phygital Dancing дисциплинасында Қазақстан атынан ұлттық іріктеудің жеңімпазы Гульназ Амангали өнер көрсетеді.
Турнир Астананың төрт заманауи спорт нысанында өтеді: Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, Beeline Arena Ұлттық теннис орталығы және «Барыс Арена» мұз сарайы.
Жарыс бағдарламасына цифрлық және физикалық кезеңдерді біріктіретін сегіз дисциплина енгізілген. Қазақстандық спортшылар мен киберспортшылар үшін өз алаңындағы «Болашақ ойындары» әлемнің ең мықты клубтарына қарсы шеберлігін сынауға мүмкіндік береді. Ал жанкүйерлер технология мен дене дайындығы бір жарысқа тоғысатын жаңа форматтағы спортты тамашалай алады.
Источник: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі