2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 13 106 ашық жүрек операциясы жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға көп, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, хирургиялық араласулардың 46,1%-ын аортокоронарлық шунттау операциялары құрады. Жүректің жүре пайда болған кемістіктеріне жасалған операциялардың үлесі – 22,7%, ал туа біткен кемістіктерге жасалған операциялардың үлесі – 13,1%.
Кардиохирургия саласының дамуы нәтижесінде Қазақстан осы бағыттағы көрсеткіштері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді. Бүгінде елімізде ашық жүрек операциялары, эндоваскулярлық араласулар және жоғары технологиялық медициналық көмектің басқа да түрлері сәтті жасалуда. Жалпы отандық кардиологияда жоғары технологиялық медициналық көмектің 80-нен астам түрі қолданылады.
Өткен жылғы маңызды жетістіктердің бірі – 100-ші жүрек трансплантациясының сәтті жасалуы. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл қазақстандық дәрігерлердің жоғары кәсіби деңгейін және трансплантология қызметінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеді.
2026 жылдың алғашқы бес айында да оң үрдіс сақталды. Қанайналым жүйесі аурулары 6,6%-ға, артериялық гипертензия 9,7%-ға, жүректің ишемиялық ауруы 10,1%-ға, жедел миокард инфаркті 5,7%-ға және инсульттер 6,1%-ға азайды.
Министрлік мұндай нәтижелерге инсульттік және кардиологиялық орталықтар желісін дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, заманауи клиникалық хаттамаларды енгізу, жедел медициналық жәрдем қызметін жетілдіру, профилактикалық тексерулер көлемін арттыру және дәрілік қамтамасыз етуді жақсарту арқылы қол жеткізілгенін атап өтті.
Дерек көзі: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі