«Әділет» партиясының III кезектен тыс съезінде партияның бірыңғай «Әділет.365» цифрлық платформасының құрамына енетін жаңа цифрлық шешімдер таныстырылды, деп хабарлайды Naizanews.kz.
Партия өкілдерінің айтуынша, цифрлық экожүйе кезең-кезеңімен дамып, азаматтарға, партия мүшелеріне және партия органдарына арналған сервистерді біріктіреді. Қазірдің өзінде партия қатарына қосылуға өтінішті QR-код, eGov порталы немесе тиісті сервисті қолдайтын банк қосымшалары арқылы беруге болады.
Съезде сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі интеллектуалды цифрлық көмекшілер таныстырылды. Олар партияның бағдарламасы туралы ақпарат беріп, пайдаланушылардың сұрақтарына жауап береді, партияға кіру тәртібін түсіндіреді және цифрлық сервистерді пайдалануға көмектеседі. Пайдаланушылармен өзара байланыс фирмалық цифрлық маскот пен чат-боттар арқылы жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, партия мүшесінің жеке кабинеті мен орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың жұмысын үйлестіруге арналған цифрлық штаб таныстырылды. Платформа дамыған сайын олардың мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Съезд аясында партияның әділеттілік, заң үстемдігі, тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген ресми әнұраны да таныстырылды.
Источник: «Әділет» партиясы