Қарағанды облысында америкалық Valley брендінің жаңбырлатып суару машиналарының өндірісін жергіліктендіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Осыған қатысты келісімге «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясының өкілдері қол қойды. Жоба қазақстандық аграршыларды заманауи суару техникасымен, қосалқы бөлшектермен және жедел сервистік қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндірісті жергіліктендіру «Евразия Инвест LTD» компаниясы жүзеге асырып жатқан суармалы егіншілікті дамыту бағдарламасының бір бөлігі болмақ. Биыл инвестор суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір алқаптарда Valley жүйелері орнатылып жатыр. Негізгі материалдар Қарағанды облысының өндірушілерінен сатып алынып, монтаж жұмыстарын жергілікті мердігерлер атқаруда.
Сонымен қатар Valley компаниясының суаруды басқаруға арналған цифрлық платформасы енгізілуде. Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы датчиктер арқылы жүйе нақты уақыт режимінде топырақ пен өсімдіктердің жағдайын талдап, қажетті су көлемін есептейді.
Инвестор агроөнеркәсіптік кешеннің өзге бағыттарын да дамытып жатыр. Родниковское ауылындағы элеватордың сақтау сыйымдылығы 50 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, Молодежный кентінде дәл осындай жаңа элеватор салынады.
Бұдан бөлек, картоп егісінің көлемі 900 гектарға дейін ұлғайды. Родниковское мен Молодежныйда заманауи көкөніс қоймаларының құрылысы жалғасуда. Биыл жалпы сыйымдылығы 46 мың тоннаны құрайтын алты қойма кешенін пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ сүт-тауар фермасының бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды. Болашақта оның базасында егіс жұмыстарынан бастап суару мен дайын сүт өнімдерін өндіруге дейінгі барлық процестерді біріктіретін бірыңғай цифрлық басқару орталығы құрылады.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі