Қазақстан 2026–2027 жылдары жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
2026 жылы еліміз күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдайды. Ал 2027 жылы Астанада үстел теннисі, дзюдо, бокс, таеквондо, киберспорт және шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттары өтеді.
Жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен әлем чемпионаты 28–31 қаңтарда, бокстан әлем чемпионаты 10–26 сәуірде, үстел теннисінен 22–30 мамырда, дзюдодан 7–14 маусымда, ал таеквондодан 7–13 шілдеде ұйымдастырылады. Киберспорттан әлем чемпионатының нақты мерзімі кейінірек жарияланады.
Министрліктің мәліметінше, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ел екі жыл ішінде жеті әлем чемпионатын өткізеді.
Әлемдік додаларға дүниежүзінің үздік спортшылары қатысады деп күтілуде. Бұл жарыстар отандық спорттың дамуына серпін беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар әлем чемпионаттарын өткізу оқиғалық туризмнің, қонақүй бизнесінің, көлік және қызмет көрсету инфрақұрылымының дамуына оң әсер етіп, Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға мүмкіндік береді.
Источник: Magnific.com