«KEGOC» АҚ энергетика саласын цифрлық трансформациялау аясында өндірістік және әкімшілік үдерістерге жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізіп келеді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Компанияның негізгі мақсаты – қайталанатын жұмыстарға кететін уақытты қысқарту, талдау сапасын арттыру және қызметкерлердің басқарушылық шешімдер қабылдауға көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау.
Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты «KEGOC» АҚ барлық бастамаларын бірыңғай ЖИ-бағдарламасына біріктірді. Бағдарламаға корпоративтік сервистерді, өндірістік қызметті, электрондық құжат айналымын және ұзақ мерзімді цифрлық шешімдерді қамтитын 35 жоба енгізілді.
Негізгі бағыттардың бірі – корпоративтік ЖИ-агенттерін енгізу. Бүгінде еңбекті қорғау, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік (HSE), PR және сыртқы коммуникациялар, рекрутинг және ішкі нормативтік құжаттар бойынша цифрлық көмекшілер жұмыс істейді. Олар ақпаратты іздеуге және талдауға, материалдар дайындауға, кадрлық әрі әкімшілік үдерістерді сүйемелдеуге көмектеседі.
Жақын уақытта компания қаржылық талдау жүргізетін ЖИ-агентті іске қосуды жоспарлап отыр. Ол деректерді өңдеуді, есептілік дайындауды жеделдетіп, қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар компания аударма сервистерін, нормативтік құқықтық актілермен жұмыс істеуге, сатып алуларға, валюталық операцияларға және техникалық ерекшеліктерді талдауға арналған ЖИ-құралдарын пайдаланады. Сондай-ақ электрондық құжат айналымы жүйесіне жеті ЖИ-агент енгізілуде.
Келесі кезеңде «KEGOC» АҚ өндірістік талдауға арналған жасанды интеллект шешімдерін енгізуді жоспарлап отыр. Олар электр энергиясы нарығын, шығындар мен ауытқуларды талдауға, сондай-ақ жөндеу науқанын мониторингтеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ЖИ-құралдарын 2 750-ге жуық қызметкер пайдаланады. Егер бастапқы кезеңде ай сайын шамамен 1 417 сұраныс өңделсе, бүгінде олардың саны 4,5 еседен астам өсіп, 6 500-ден асты. Компания мәліметінше, бұл жасанды интеллекттің күнделікті жұмыс үдерісінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі