Жамбыл облысындағы «Қордай» автомобиль өткізу бекетінде Қазақстанға карантиндік зиянкестермен залалданған жеміс өнімдерін әкелу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Фитосанитариялық бақылау барысында Қырғыз Республикасынан келген жүк көліктері тексерілді. Нәтижесінде өнімдерден қауіпті карантиндік зиянкестер анықталды.
Атап айтқанда, салмағы 800 келі болатын жаңа піскен алхоры партиясынан Комсток сымыры, ал жалпы салмағы 1 450 келі болатын екі партия шиеден азиялық жеміс шыбыны табылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл карантиндік зиянкестер ауыл шаруашылығына елеулі қауіп төндіреді. Олар жеміс дақылдарының көптеген түрін зақымдап, таралған жағдайда еліміздің бау-бақша шаруашылықтарына айтарлықтай залал келтіруі мүмкін.
Фитосанитариялық бақылау қорытындысы бойынша залалданған өнімдердің барлығы қауіпті деп танылып, Қазақстан аумағына кіргізілмеді және Қырғыз Республикасындағы жөнелтушілерге кері қайтарылды.
Сонымен қатар құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, тиісті айыппұлдар салынды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік шекарада қауіпті карантиндік зиянкестердің ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеу, сондай-ақ еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген фитосанитариялық бақылау жалғасуда.
Источник: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі