Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассо, ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларден және Marubeni Corporation басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Кездесулер Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында өтті. Тараптар экономиканы дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
ЕҚДБ президентімен өткен кездесуде әлеуметтік, көлік, өнеркәсіптік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект, қаржы саласы және бизнесті қолдау бағыттарындағы ынтымақтастыққа назар аударылды.
Одиль Рено-Бассоның айтуынша, биыл ЕҚДБ-ның Қазақстан экономикасына салатын инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Қазіргі таңда жалпы құны 800 млн еуродан асатын жобалар қаржыландырылған, ал жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 млрд еуродан асуы ықтимал.
ExxonMobil компаниясының өкілімен өткен келіссөздерде өндірістік көрсеткіштер мен технологиялық даму мәселелері қаралды. Компания Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы жобаларына қатысуын жалғастырып келеді.
Marubeni Corporation басшылығымен өткен кездесуде қазақ-жапон экономикалық ынтымақтастығын дамыту перспективалары талқыланды. Тараптар энергетика мен өнеркәсіп салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға және жаңа инвестициялық бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екенін растады.
Источник: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы