Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен кездесті, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобалардың іске асырылу барысын және алдағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының алғашқы кезеңіне назар аударылды.
Қазіргі уақытта барлық ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, халықаралық консультанттар анықталды. Сонымен қатар ирригациялық каналдарды реконструкциялауға арналған 88 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сондай-ақ су қоймаларын салу және реконструкциялау жобаларына мердігер ұйымдарды іріктеу жалғасып жатыр.
Ислам даму банкімен жасалған келісім аясында Қазақстанда төрт жаңа су қоймасы салынып, жеті қолданыстағы су қоймасы реконструкцияланады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайтын ирригациялық каналдарды реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 151 жобаны іске асыру жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, бұл жобалар елдің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртып, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассер бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдіріп, Қазақстанның су инфрақұрылымын дамыту тәжірибесі банкке мүше өзге елдер үшін де үлгі бола алатынын атап өтті.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі