Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі су шаруашылығы жобаларының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыс сапары аясында вице-министр Қаныш Сәтбаев атындағы каналда жүргізіліп жатқан сорғы агрегаттарын жаңғырту және №87 бөгетті қайта жаңарту жұмыстарын, сондай-ақ «Ертіс – Успенка» каналын реконструкциялау жобасының орындалу барысын тексерді.
Нысандарды аралау кезінде Жандос Сәлімов мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, барлық жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Вице-министрдің айтуынша, аталған жобалар гидротехникалық құрылыстардың сенімділігін арттыруға, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол министрлік бұл жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.
Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта бес сорғы агрегатын ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын, ал таяу уақытта тағы бес агрегатты реконструкциялау басталады.
Бұдан бөлек, каналдың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту аясында жоспарланған 17 трансформатордың сегізі орнатылған. Министрліктің мәліметінше, Жол картасының толық орындалуы канал жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттырып, тұтынушыларды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды пайдалану тәуекелдері мен оларды күтіп-ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі