ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі цифрлық экономика үшін мамандар даярлауға бағытталған AI-Sana бағдарламасын іске асырып жатыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып, білім беру, ғылыми зерттеулер және технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін ұлттық AI-экожүйесін қалыптастыруды көздейді.
Жоба аясында жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтері енгізіліп, ғылыми инфрақұрылым мен халықаралық ынтымақтастық дамытылып келеді.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде базалық AI-құзыреттерді меңгерген студенттерге 697 мыңнан астам сертификат табысталып, жетекші халықаралық білім беру платформаларына қолжетімділік берілді.
2026 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі іске асырылуда. Оның аясында Пол Ким әзірлеген бағдарлама бойынша шамамен 100 мың студент AI-кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріп жатыр.
Келесі кезеңде қатысушылар жобалық командалар құрып, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлеп, Astana Hub және QazInnovations ұйымдарының қолдауымен инкубация және акселерация бағдарламаларына қатыса алады.
Бағдарламаны жүзеге асыруға Stanford University, Carnegie Mellon University, UC Berkeley, Johns Hopkins SAIS, Georgetown University, Boston University және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары тартылған.
Министрліктің мәліметінше, AI-Sana инженерлерді, зерттеушілерді және технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған ұлттық бастама болып табылады және Қазақстанның цифрлық дамуына қажетті кадрлық әлеуетті қалыптастыруға ықпал етеді.
Источник: Жасанды интеллект