2026–2027 оқу жылынан бастап Қазақстанда су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын тағы екі колледж жұмысын бастайды, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Салалық мамандарды даярлайтын оқу орындарының қатарына О. Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі мен Теміртау жоғары политехникалық колледжі қосылады. Маңғыстауда «Гидролог-техник» және «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандықтары бойынша оқыту жүргізілсе, Теміртауда «Гидротехникалық құрылыс» бағыты ашылады.
Қазіргі таңда су шаруашылығы саласына мамандарды еліміздің сегіз колледжі даярлайды. Онда 757 студент білім алуда. Ал 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 208 түлек оқуын аяқтады.
Министрліктің мәліметінше, бейінді мамандықтарда оқитын барлық студенттер өндірістік тәжірибеден «Қазсушар» РМК филиалдарында өтеді. Осы мақсатта ведомство су саласына кадр даярлайтын барлық оқу орындарымен меморандумдар жасасқан.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманәлиевтің айтуынша, биыл су саласында тәжірибеден өтетін студенттердің саны шамамен екі есеге артқан. Мамандар гидротехникалық құрылыс, гидротехникалық мелиорация, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану, сондай-ақ гидрогеология бағыттары бойынша даярлануда.
Бейінді колледждер желісін кеңейту саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге және елдің су шаруашылығының кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Источник: Magnific