Шомылу маусымы кезінде Зеренді ауданында аудан прокуратурасы мен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп ұйымдастырған «Қауіпсіз жағалау» профилактикалық акциясы өтті.
Іс-шараның мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың өз өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру.
Акция барысында демалушыларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі түсіндіріліп, жабдықталмаған және рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға болмайтыны ескертілді. Қатысушыларға су жағасындағы қауіпсіз демалыс бойынша жадынамалар таратылды.
Балалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Ата-аналармен кәмелетке толмағандарды демалыс кезінде үнемі бақылауда ұстау және балалардың су айдындарына ересектердің қарауынсыз баруына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Зеренді ауданының прокуроры Аскар Дастанның айтуынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау мен ересектердің бақылауының жеткіліксіздігінен орын алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аудан су айдындарындағы профилактикалық жұмыстар шомылу маусымы бойы жалғасады.
Источник: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы