Астанада орналасқан Cardiff University-дің алғашқы халықаралық филиалы – Cardiff University Kazakhstan алғашқы академиялық жылын қорытындылап, үздік жетістіктерге арналған салтанатты марапаттау рәсімін өткізді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти, Cardiff University президенті және вице-канцлері профессор Венди Ларнер, университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Салтанатты жиында алғашқы оқу жылының қорытындылары шығарылып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызы айтылды. Сонымен қатар Cardiff University Kazakhstan-ның дамуына және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға үлес қосқан бірқатар тұлғаларға алғыс хаттар табысталды.
Министрліктің мәліметінше, Cardiff University-дің Қазақстандағы алғашқы халықаралық кампусы жоғары сапалы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған. Университет халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлап, өңірдегі жетекші инновациялық білім беру орталықтарының біріне айналуды көздейді.
Іс-шара барысында Cardiff University басшылығы Қазақстанның алғашқы халықаралық кампус үшін таңдалуы елдің жоғары білім мен ғылым саласындағы әлеуетіне, сондай-ақ стратегиялық серіктестікке негізделгенін атап өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Cardiff University Kazakhstan-ның алғашқы академиялық жылын сәтті қорытындылауы Қазақстанның жоғары білім беру кеңістігін интернационалдандыруға және әлемдік деңгейдегі жетекші университеттермен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі