Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстандағы ең ірі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі саналады, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық парк 2010 жылы құрылып, Жетісу облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының аумағын қамтиды. Жалпы аумағы 356 мың гектардан асатын парк еліміздегі ең ірі ұлттық парктердің бірі болып табылады.
Министрліктің мәліметінше, паркті құрудағы негізгі мақсаттардың бірі – Сиверс алмасының табиғи ормандарын сақтау. Ғалымдардың пікірінше, бұл сирек кездесетін өсімдік әлемдегі көптеген мәдени алма сұрыптарының арғы тегі болып саналады. Сиверс алмасы Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген.
Парк аумағын Жетісу Алатауының солтүстік жоталары алып жатыр. Мұнда мұздықтар, тау өзендері мен көлдер, сондай-ақ биіктігі 4622 метр болатын Семенов Тянь-Шань шыңы орналасқан. Табиғаттың ең көрікті орындарының қатарында Жоғарғы және Төменгі Жасылкөл көлдері бар.
Жоңғар-Алатауы ұлттық паркі бай биоалуантүрлілігімен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктердің 2 мыңнан астам түрі өседі, оның 95-і эндемиктерге жатады. Парк аумағында Тянь-Шань шыршасы, Сиверс алмасы және басқа да сирек өсімдіктер сақталған.
Жануарлар дүниесі де алуан түрлі. Мұнда марал, елік, қабан, арқар, тауешкі, қоңыр аю, қасқыр және Тянь-Шаньның ең сирек жыртқыштарының бірі – қар барысы мекендейді. Сонымен қатар парк аумағында сүтқоректілердің 50-ге жуық, құстардың 171 түрі, сондай-ақ бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің бірнеше түрі тіршілік етеді.
Табиғи байлықтармен қатар ұлттық парк аумағында тарихи-мәдени мұра нысандары да орналасқан. Олардың қатарында Үйгентас қорымы, ортағасырлық қорғандар, Әулиетас киелі тасы және көне петроглифтер бар.
Қазіргі таңда туристер үшін 13 туристік маршрут пен екі экологиялық соқпақ жұмыс істейді. Сонымен қатар Сарқан және Лепсі орман тұқымбақтарында 54 гектар аумақта түрлі ағаш түрлерінің жүздеген мың көшеті өсіріледі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2018 жылы Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бірегей табиғи ландшафты, бай биоалуантүрлілігі және ғылыми маңызы үшін ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының жаһандық желісіне енгізілді.
Источник: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі