Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында республикалық IT Quest интерактивті онлайн-квесті басталады, деп хабарлайды NaizaNews.kz Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба технологиялар, жасанды интеллект, стартаптар және Astana Hub экожүйесіне қызығушылық танытатын азаматтарға арналған. Қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап, цифрлық саладағы білімдерін тексеріп, бағалы сыйлықтар үшін бақ сынай алады.
Квест екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар IT, AI, стартаптар, білім беру бағдарламалары және Astana Hub бағыттары бойынша сұрақтарға жауап беріп, логикалық әрі аналитикалық тапсырмаларды орындайды. Ал екінші кезеңде арнайы бейнероликтің мазмұнына қатысты сұрақтарға жауап беруі қажет болады.
Тапсырмаларды сәтті орындаған қатысушылар Social Coins және XP ұпайларын жинап, жалпы рейтингте жоғарылай алады. Ең жоғары нәтиже көрсеткен ойыншылар жеңімпаз атанады. Ұпай саны тең болған жағдайда квестті бірінші болып аяқтаған қатысушыға басымдық беріледі.
IT Quest-ке қатысу үшін Astana Hub мобильді қосымшасын iOS немесе Android платформаларында жүктеп алып, тіркелу қажет. Әр қатысушы бір ғана аккаунт пайдаланып, барлық тапсырманы өз бетінше орындауы тиіс. Дайындық үшін арнайы оқу материалдары да қарастырылған.
Astana Hub мәліметінше, бұл жоба технологиялар мен жасанды интеллектті кеңінен насихаттауға бағытталған білім беру бастамаларының жалғасы саналады. Бұған дейін ұйымдастырылған тақырыптық квесттерге еліміздің әр өңірінен шамамен 6 мың адам қатысып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болған.
Квесттің толық шарттары, қатысу талаптары және жеңімпаздарды анықтау тәртібі Astana Hub мобильді қосымшасында жарияланған.
Источник: Magnific.com