Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстандағы алғашқы «Quantum AI» зертханасы іске қосылды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа ғылыми-білім беру орталығы SpinQ Technology халықаралық технологиялық компаниясының қолдауымен ашылды. Зертханаға жеті заманауи кванттық есептеу жүйесі орнатылды. Қазіргі уақытта бұл – Қазақстандағы жалғыз кванттық компьютерлер.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жабдықтар студенттер мен жас ғалымдарға зертханалық жұмыстар жүргізуге, ғылыми зерттеулермен айналысуға және машиналық оқытудың жаңа алгоритмдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кванттық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы ғылым мен экономиканың жаңа бағытын айқындап, күрделі міндеттерді шешуге жол ашатынын атап өтті.
Ал Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы Тимур Иманқұлов жаңа зертхана студенттердің нақты ғылыми және өндірістік жобаларға қатысуына, сондай-ақ халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Quantum AI» зертханасы білім, ғылым және өндірісті ұштастырып, елімізде кванттық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамытуға жаңа серпін береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі