Қазақстанда жаңа цифрлық жүйе арқылы бірінші сыныпқа қабылдау үшін 105 мыңнан астам өтініш қабылданды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызмет OQU білім беру платформасына көшіріліп, қазіргі таңда QazTech цифрлық инфрақұрылымы арқылы бірінші сыныпқа қабылдау бойынша 105 мыңнан астам өтініш берілген.
Жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылды. Оған «Қазақтелеком» АҚ мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ да қатысты.
Жаңа жүйе ата-аналар үшін өтініш беру рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында бала мен ата-ана туралы негізгі мәліметтер автоматты түрде толтырылады, ал өтініштің нәтижесі бір жұмыс күні ішінде Жеке кабинетке және SMS арқылы жіберіледі.
Министрліктің мәліметінше, жаңартылған цифрлық инфрақұрылым қабылдау науқаны кезіндегі жоғары жүктемені тиімді басқаруға және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
Алдағы уақытта OQU платформасын кезең-кезеңімен дамыту жоспарланып отыр. Болашақта ол баланың балабақшадан бастап колледжге дейінгі білім алу кезеңдерін қамтитын бірыңғай цифрлық білім беру ортасына айналады.
Источник: Жасанды интеллект