Алматыда өткен ITMLab 3.0 хакатонының қорытындысы бойынша инклюзивті технологияларды дамытуға арналған үздік жобалар келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«ITeachMe» қоғамдық қоры «Шеврон Еуразия» компаниясының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған жоба әлеуметтік маңызы бар мәселелерді технологиялық шешімдер арқылы шешуге бағытталған. Ол әзірлеушілерді, стартаперлерді, студенттерді және инклюзия саласының мамандарын бір алаңға жинады.
Биылғы маусымға қатысуға еліміздің әр өңірінен 500-ден астам өтінім түскен. Хакатон Алматы қаласындағы De Montfort University Kazakhstan базасында гибридті форматта өткізіліп, түрлі өңірлерден қатысушылардың басын қосты.
Қатысушылар қолжетімді білім беру, байланыс және навигация сервистерінен бастап, медициналық оңалтуға, қауіпсіздікке және ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға арналған ассистивтік технологияларға дейінгі түрлі цифрлық шешімдерді таныстырды. Олардың қатарында көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты бұзылған және когнитивтік ерекшеліктері бар адамдарға арналған жобалар да бар.
Хакатон нәтижесінде 21 команда жобаның келесі кезеңіне өтті. Алдағы сегіз апта ішінде олар сарапшылар мен менторлардың қолдауымен өз әзірлемелерін жетілдіріп, оларды нақты пайдаланушылардың қатысуымен сынақтан өткізуге дайындалады. Кейін жобалар инвесторлар мен мемлекеттік ұйымдардың өкілдеріне ұсынылады. Ал үздік бастамалар гранттық қолдау алуға мүмкіндік алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ITMLab жобасының басты мақсаты – перспективалы идеяларды қоғам игілігіне қызмет ететін нақты өнімдерге айналдыру және мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету.
Айта кетейік, ITMLab жобасының алдыңғы екі маусымы 500-ден астам өнертапқышты біріктірді. Бұған дейін жоба аясында көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақылды көзілдірік, сөйлеуді ымдау тіліне аударатын мобильді қосымшалар және жұмысқа орналасуға көмектесетін арнайы платформалар сияқты бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылған.
ITMLab 3.0 инклюзивті технологияларды дамытуға, инновациялық шешімдерді қолдауға және Қазақстанда қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі