Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жол белгілерін тексеру айлығы басталды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Арнайы іс-шара барысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орнатылған жол белгілеріне кешенді тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыстарды Жол активтері сапасының ұлттық орталығының мамандары жүзеге асырады.
Тексеру кезінде жол белгілерінің дұрыс орналастырылуы, техникалық жай-күйі, жүргізушілерге анық көрінуі және қолданыстағы жол қозғалысын ұйымдастыру талаптарына сәйкестігі бағаланады.
Сонымен қатар жөндеу жұмыстары жүргізілген жол учаскелері де бақылауға алынады. Мұндай аумақтарда уақытша немесе ескірген жол белгілері сақталып қалуы мүмкін. Егер сәйкессіздіктер анықталса, олар алынып тасталып немесе жаңартылған белгілермен ауыстырылады.
Айлық аясында жол белгілерінің қараңғы уақытта көріну сапасы, жарық шағылыстыратын элементтердің болуы және олардың жол жағдайларын ескере отырып дұрыс орнатылуы да тексеріледі.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 140 мыңға жуық жол белгісі орнатылған. Жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама аясында олардың бір бөлігі жыл сайын жаңартылып келеді.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы 11,4 мың, 2022 жылы 10,6 мың, 2023 жылы 10,7 мың, 2024 жылы 11,2 мың және 2025 жылы 10,6 мың жол белгісі орнатылған. Ал биыл шамамен 8 мың жол белгісін орнату және ауыстыру жоспарланып отыр.
Министрлік мәліметінше, қолға алынған жұмыстар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы инфрақұрылым элементтерінің жай-күйін жүйелі бақылауға, жол белгілерін қолданыстағы талаптарға сәйкестендіруге және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Источник: Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі