Мемлекеттік қолдау шаралары отандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды енгізуге жол ашып отыр, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Соңғы жылдары технологиялық жабдықтарды жаңартуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктеріне кәсіпорындар тарапынан сұраныс артып келеді. Бұл өндірісті жаңғыртуға, жаңа өнім түрлерін шығаруға және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай жобалардың бірі – Астана қаласындағы «Стальцинк» кәсіпорны. Компания жол қауіпсіздігіне арналған металл қоршауларын шығарып, ыстық мырыштау қызметін көрсетеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 32 мың тонна дайын өнімді құрайды.
Компания өндірісті жаңғырту мақсатында металды тесу және кесуге арналған жоғары технологиялық желі мен плазмалық кесу қондырғысын сатып алған. Жаңа жабдықтың іске қосылуы нәтижесінде зауыт электр беру желілеріне арналған металл анкерлік-бұрыштық тіректер өндірісін жолға қойған.
Кәсіпорын басшылығы мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, QazIndustry ұлттық операторына жүгінген. Соның нәтижесінде жабдық құнының 40 пайызы немесе 17,4 млн теңге көлеміндегі шығын өтелген.
«Стальцинк» ЖШС директоры Берік Медяновтың айтуынша, бұл құрал отандық өндірісті дамытуға елеулі қолдау көрсетіп отыр.
Жаңа өндірістік желілерді енгізу кәсіпорынға жаңа өнім шығарумен қатар, бұрын сырттан сатып алынатын кейбір өнімдерді өз күшімен өндіруге мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде компанияның табысы кемінде 12 пайызға өсіп, өндірістік қуаты үш есеге артқан.
Бұрын жол қоршауларына арналған тіректер екі кезеңде өндірілсе, қазіргі уақытта бұл процесс бір технологиялық цикл аясында жүзеге асырылады.
Автоматтандыру жұмыс орындарының қысқаруына емес, керісінше кәсіпорынның тұрақты дамуына ықпал етті. Қазіргі таңда компания 100-ден астам қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтып отыр және өндіріс көлемін ұлғайту арқылы жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуде.
Айта кетейік, QazIndustry өнеркәсіпті ынталандыру шараларының ұлттық операторы болып табылады. Ұйым кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімдерін ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының 40–50 пайызын өтейді.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өтемақы көлемі 1,4 млрд теңгеден асса, биылғы алғашқы бес айда шамамен 76 млн теңге өтелген.
Бұдан бөлек, өткен жылдың соңында өнеркәсіпті қолдау құралдары кеңейтілді. Атап айтқанда, отандық өндірушілер үшін басым тауарларды теміржол арқылы тасымалдау шығындарының бір бөлігін өтеу тетігі енгізіліп, халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу көлемі ұлғайтылды.
Министрлік мәліметінше, мұндай мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі