Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Дүниежүзілік цифрлық білім беру конференциясы – 2026 (World Digital Education Conference) жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты, деп хабарлайды NaizaNews.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі мен Чжэцзян провинциясының халық үкіметі ұйымдастырған халықаралық іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері жиналды. Конференция барысында білім беру саласын цифрлық трансформациялау және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегация ашылу рәсіміне, пленарлық отырысқа және бірқатар панельдік сессияларға қатысты. Онда цифрлық білім беру экожүйесін дамыту, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту және цифрлық экономикаға қажетті мамандарды даярлау бағыттары қарастырылды.
Сондай-ақ педагогтер мен білім алушылардың цифрлық құзыреттерін арттыру, оқыту үдерісін жекелендіру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қағидаттарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция аясында Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллект пен білім беру саласындағы Ханчжоу бастамасын қабылдау рәсіміне қатысты. Құжатта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен, адамға бағдарланған және инклюзивті қағидаттар негізінде қолдануға қатысты халықаралық ұстанымдар қамтылған.
Министрліктің мәліметінше, конференцияға қатысу Қазақстан үшін білім беруді цифрландыру саласындағы озық халықаралық тәжірибемен танысуға, сондай-ақ отандық білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні дамыту мен енгізудің келешекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Источник: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі