Жамбыл облысында табиғи су көздерін зерттеу және олар туралы мәліметтерді жүйелеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жобаны «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің мамандары жүзеге асыруда. Оның негізгі мақсаты – бұлақтар жөніндегі ақпаратты жинақтап, Қазақстан бойынша бірыңғай деректер қорын қалыптастыру.
Далалық зерттеулер барысында мамандар бұлақтардың санитарлық және техникалық жағдайын бағалап, орналасқан жерінің нақты координаттарын анықтайды. Сонымен қатар гидрогеологиялық бақылаулар жүргізіліп, су сапасын зертханалық тексеруге арналған сынамалар алынады.
Жиналған ақпарат табиғи су көздері туралы деректерді жаңартуға, оларды есепке алу жүйесін жетілдіруге және тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар табиғи су нысандарын сақтауға, гидрогеологиялық деректердің сапасын арттыруға және су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.
Қазгидрогеология өкілдерінің пікірінше, бұлақтар тұщы су қорының маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан олардың жағдайын жүйелі түрде зерттеу мен бақылау су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі