Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Атырау облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, су қорларын басқару және су үнемдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында министр су теңгерімін сақтау мәселесі министрліктің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, су ресурстары экономиканың қажеттіліктері мен экожүйелердің тұрақтылығын ескере отырып бөлінеді.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының деректеріне сәйкес, соңғы екі жарым жыл ішінде Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жеткізілген. Оның шамамен 17 млрд текше метрі 2024 жылғы ауқымды су тасқыны кезеңіне сәйкес келеді. Ал 2026 жылдың басынан бері теңізге жіберілген су көлемі 6,16 млрд текше метрге жеткен.
Министр жаңа Су кодексін жүзеге асыру аясында өнеркәсіптік кәсіпорындарды түгендеу жұмыстары аяқталғанын да айтты. Қолданыстағы талаптарға сәйкес кәсіпорындар алдағы бес жылға арналған айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарларын әзірлеуі қажет. Сонымен қатар өндірістегі су пайдалану жүйелерін заманауи әрі тиімді технологиялар негізінде жаңғырту көзделген.
Қазіргі таңда республика бойынша осындай 168 жоспар дайындалған. Болашақта мұндай құжаттарды барлық өнеркәсіптік кәсіпорын әзірлеуі тиіс.
Кездесуде су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстардың нәтижелері де айтылды. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің арқасында бұл бағыттағы көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Егер бұрын мұндай технологиялар жыл сайын шамамен 30 мың гектар алқапта қолданылса, соңғы екі жылда олардың қамту аумағы 150 мың гектарға дейін ұлғайған.
Атырау облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері 9,3 мың гектар жерге енгізіліп, нәтижесінде 12,8 млн текше метр су үнемделген. Биыл бұл технологиялар өңірде қосымша 800 гектар аумаққа енгізіліп отыр.
Министр су ресурстарын тиімді пайдалану, шығындарды азайту және суды нақты қажетті нысандарға уақытылы жеткізу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өңірлердің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Кездесу барысында тұрғындар жаңа су қоймасының құрылысы, жерасты су қорларын зерттеу, су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруашылықтарға электр энергиясын субсидиялау және ирригациялық каналдарды жаңарту мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Есептік кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Онда каналдар арқылы су жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.
Источник: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі