Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Андрей Репалов АҚШ-тағы беделді жоғары оқу орындарының бірі саналатын Duke University университетінен шақырту алды, деп хабарлайды NaizaNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Duke University әлемдік рейтингтерде жоғары орындарға ие оқу орындарының қатарында. Университет әлемнің үздік 25 жоғары оқу орнының және АҚШ-тағы үздік 7 университеттің қатарына кіреді.
Андрей Репалов Республикалық физика-математика мектебінің үздік оқушыларының бірі саналады. Ол академиялық білімде, инженерлік және жобалық қызмет бағыттарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Оқушы «Мектеп мақтанышы» атағын үш мәрте иеленген. Сонымен қатар FIRST Tech Challenge халықаралық робототехника жарысының жеңімпазы және жүлдегері атанған. Аталған додада Қазақстан тарихында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.
Андрей NASA және Samsung халықаралық жобаларының финалисі әрі жеңімпазы ретінде де танылған.
Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын ол мектепте Ashyq Jurek волонтёрлік ұйымының филиалын құрған. Осы еңбегі үшін 2023 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен USTEM Foundation қорының бірлескен «Жыл волонтёры» атағына ие болды.
Сондай-ақ Андрей Репалов Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің марапатына ие болған алғашқы волонтёрлердің бірі болып саналады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде дарынды жастарды қолдау, олардың академиялық және кәсіби әлеуетін дамыту, сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Источник: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі