Astana IT University базасында «2026 IEEE 6th International Conference on Smart Information Systems and Technologies (SIST)» халықаралық ғылыми конференциясы басталды, деп хабарлайды Naizanews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Испания, Германия, БАӘ, Түркия және басқа да елдердің ғалымдарын, зерттеушілерін және IT-сарапшыларын біріктірді.
Конференция аясында жасанды интеллект, робототехника, киберқауіпсіздік, цифрландыру, ақылды қалалар, дрон индустриясы және заманауи технологиялық шешімдер талқылануда.
Қатысушылар алдында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Оның айтуынша, конференция білім алмасу мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтатын маңызды халықаралық алаңға айналды.
Конференцияның негізгі оқиғаларының бірі — IEEE ұйымының Қазақстандағы қатысуын кеңейту болды. 2026 жылдың қаңтарында елде әлемдегі ең ірі инженерлік ұйымның өңірлік бөлімшесі — IEEE Kazakhstan Section ресми түрде ашылды.
Astana IT University өкілдерінің айтуынша, бұл қазақстандық ғалымдар мен инженерлерге халықаралық сараптамаға, кәсіби қауымдастықтарға және озық технологиялық тәжірибелерге тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Источник: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі